
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО ТЖД өкілдері шомылуға қауіпті болуы мүмкін су нысандарын атады. Солардың бірі – шығысқазақстандықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі саналатын Сібе көлдері.
– Сібе көлдерінде жер асты қайнар көздері бар және тереңдігі 40 метрден асады, сондықтан бұл жер қауіпті саналады. Алайда онда арнайы жабдықталған жағажайлар мен белгі беретін қалқымалар орнатылған. Егер тек сол орындарда шомылып, су температурасына назар аударса, демалуға болады. Жалпы, қала маңында толықтай қауіпсіз су айдындары жоқ. Өскемендегі Үлбі мен Ертіс өзендерінде ағыс қатты, бұл да шомылу үшін қауіпті, – деп түсіндірді ШҚО ТЖД өкілдері.
Сондай-ақ ведомство мамандары шомылуға қолайлы су айдыны Самар ауданындағы Сарыбел аумағында орналасқанын айтты. Ол жерде су таяз, жақсы жылынады, жағалауы құмды және жаз мезгілінде құтқарушылар кезекшілік атқарады.
– ШҚО бойынша суға түсуге рұқсат етілген орындарды бекіту туралы құқықтық акт бар, қазір олардың саны 23-ке жетті. Өңірде шомылу маусымы кешірек басталып, шамамен 1 маусымнан қыркүйекке дейін жалғасады. Осы кезеңде жағажайларды тексеру үшін ТЖД-ға өтінімдер түседі. Біз оларды тексеріп, маусымға дайындығы туралы қорытынды беруіміз қажет. Ең алдымен сүңгуірлер су түбін тексереді, – деді ШҚО ТЖД өкілдері.
Құтқарушылардың мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта өтінімдер әлі түспеген, себебі су әлі салқын. Әдетте өтінім қабылдау мен тексеру жұмыстары мамыр айының үшінші онкүндігінде басталады.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ