
Шығыс Қазақстан облысында цифрландыру жаңа деңгейге көтерілуде: жекелеген бастамалардан өңір жүйелі шешімдерге көшуде.
Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясында цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Қайрат Бимагамбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде «ақылды қала» стратегиялары мен цифрлық трансформация карталары бекітіліп, оларды ауқымды енгізу кезеңі басталған. Бұрын жобалар нүктелік түрде жүзеге асырылса, енді негізгі басымдық әртүрлі салаларды интеграциялау және бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру болып отыр.
Бұл жұмыстың негізгі өзегіне айналған – Өңірлік аналитикалық орталық. Аталған платформа мемлекеттік органдар арасында деректер алмасуды қамтамасыз етіп, азаматтардың өтініштерін нақты уақыт режимінде бақылауға, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі қоғамдық көңіл-күйді талдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, орындаушылық тәртіп артқан.
Деректермен жұмыс істеуді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде бірыңғай деректер қоймасы – data lake қалыптасуда. Қазіргі таңда тоғыз басқармада аудит жүргізіліп, 116 процесс цифрландырылып, 238 автоматтандырылған есеп енгізілген. Бұл қол еңбегінің көлемін азайтып, аналитиканың дәлдігін арттырды. Келесі кезең – басқарушылық шешімдерді болжау негізінде қабылдау үшін предиктивті аналитиканы енгізу.
Цифрландыру нақты нәтижелер беруде. ТКШ саласында қоқыс шығару, жол жөндеу және қар тазалау жұмыстары бақылауға алынған: GPS пен фотофиксация арқылы мердігерлердің жұмысы қадағаланып, процестердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Энергетикада 23 нысанда жабдықтардың онлайн-мониторингі жүргізілуде, бұл апаттық тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Халықпен кері байланыс жүйесі де жаңғыртылған: колл-орталықтар, әлеуметтік желілер және басқа арналар бірыңғай платформаға біріктірілген. Жасанды интеллект өтініштерді талдап, олардың басымдығын анықтап, өңдеу жылдамдығын арттырады.
Бүгінде облыста шамамен 6 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Бейнеаналитика тек бақылау үшін ғана емес, ықтимал тәуекелдерді болжау үшін де қолданылады. Сонымен қатар, ауа сапасын нақты уақыт режимінде бақылайтын 25 автоматтандырылған экологиялық бекет жұмыс істейді.
Инфрақұрылымды дамыту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Өңір тұрғындарының 98,5%-ы интернетпен қамтылған. 2025 жылы 53 елді мекенге интернет тартылса, 2026 жылдың басынан бері тағы 19 ауыл қосылған. Жыл соңына дейін қалған 67 ауылды қосу жоспарланып отыр.
Өскемен қаласында 5G желісі енгізіліп, 60-тан астам базалық станция орнатылған. Байланыс сапасын жақсарту жұмыстары жалғасуда, оның ішінде республикалық және туристік бағыттар бойында да жүргізілуде.