
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлттық ұланның Өскемендегі 5518 әскери бөліміне барып, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Әскерилерді мерекемен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді.
«Армия - мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, ел тәуелсіздігінің сенімді кепілі. Сіздер қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметті абыроймен атқарып келесіздер. Ұлттық ұланның сарбаздары Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүктеген міндеттерді сапалы орындап, жоғары кәсібилік пен адалдықтың озық үлгісін көрсетуде. Заң талаптарын сақтау мен тәртіпті нығайту - тұрақты әрі дамыған қоғамның негізі», - деді аймақ басшысы.
Одан соң Нұрымбет Сақтағанов сарбаздардың жауынгерлік дайындығымен және техникалық жабдықталуымен танысып, бірге ас ішті. Шара барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев облыс әкіміне жауынгерлік жедел тобының ұрыстық тәртібін көрсетіп, отряд офицерлері арнайы жасақтың заманауи үлгідегі қаруларын, әскери киім үлгілерімен таныстырды.
Сондай-ақ аймақ басшысы әскери бөлімнің музейін аралап, құқықтық тәртіп әскерінің тарихына үңілді. Нұрымбет Сақтағанов естелік ретінде музейге қолөнер туындысын тарту етті.