ШҚО әкімі әскери бөлімге барып, әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады

ШҚО әкімі әскери бөлімге барып, әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлттық ұланның Өскемендегі 5518 әскери бөліміне барып, 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Әскерилерді мерекемен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді.

«Армия - мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, ел тәуелсіздігінің сенімді кепілі. Сіздер қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметті абыроймен атқарып келесіздер. Ұлттық ұланның сарбаздары Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүктеген міндеттерді сапалы орындап, жоғары кәсібилік пен адалдықтың озық үлгісін көрсетуде. Заң талаптарын сақтау мен тәртіпті нығайту - тұрақты әрі дамыған қоғамның негізі», - деді аймақ басшысы.

Одан соң Нұрымбет Сақтағанов сарбаздардың жауынгерлік дайындығымен және техникалық жабдықталуымен танысып, бірге ас ішті. Шара барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев облыс әкіміне жауынгерлік жедел тобының ұрыстық тәртібін көрсетіп, отряд офицерлері арнайы жасақтың заманауи үлгідегі қаруларын, әскери киім үлгілерімен таныстырды.

Сондай-ақ аймақ басшысы әскери бөлімнің музейін аралап, құқықтық тәртіп әскерінің тарихына үңілді. Нұрымбет Сақтағанов естелік ретінде музейге қолөнер туындысын тарту етті.