
Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында осы көктемдегі ең жарқын әрі ауқымды экологиялық шаралардың бірі өтті. Облыс орталығындағы мектептердің 2 400 мектеп түлегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге «Өскемен» аллеясына шамамен 2 500 көшет отырғызды.
11 сынып оқушылары үшін ағаш егу ерекше мәнге ие. Себебі олар әр көшетті өз қолымен отырғызып, қаланы көркейтуге үлес қосты. Осылайша, олар осы ағаштар арқылы туған жермен ерекше байланыста болады.
«Дана халқымызда «Бабасы еккен ағашқа баласы саялайды» деген тағылымды сөз бар. Бүгінде Өскемендегі 2 400-ге жуық мектеп түлегі туған өңірімен тура мағынасында тамыр арқылы байланыс орнатты деуге болады. Бұл – әр баланың өз қолымен отырғызған атаулы ағашы, енді олар сол көшеттерге де жауапкершілікпен қарайды. Адам қайда жүрсе де, бір жерде өз ағашының өсіп тұрғанын білсе, оны ешқашан ұмытпайды. Жылдар өткен соң да қайта оралады. Болашақта бұл жерге балаларымен бірге келуі де әбден мүмкін», – деді облыс әкімі.