ШҚО-да туристік нысандарға апаратын 100 шақырым жол жөнделеді

ШҚО-да туристік нысандарға апаратын 100 шақырым жол жөнделеді

2025 жылы өңірде туристік бағыттар бойынша 170 шақырым автомобиль жолдары жөнделді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады, жоспарға сәйкес осы жылы ұзындығы 100 шақырымнан астам туристік бағыттардағы жолдарға жөндеу жұмыстары басталады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит хабарлады.

– Негізгі туристік нысандарға апаратын жолдар бойынша жұмыстар жалғасады. Сібе көлдеріне баратын бағытта «Васильевка – Бозанбай» және «Васильевка – Бозанбай – Алғабас – Тарғын» жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Шалқар көлі жағалауындағы муниципалдық жағажайға апаратын жолда 600 метр асфальтбетон жабыны төселіп, 100 автокөлікке арналған тұрақ алаңы жасалды, – деді Ирина Смит.

Сондай-ақ ол Катонқарағай ауданында Белая Берель өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. 2025 жылы су бөлігіндегі үш тірек орнатылған, биыл тағы екі тіректі орнату жоспарланған.

Сонымен қатар, «Рахман қайнары» шипажайына апаратын кіреберіс инфрақұрылымды дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Өткен жылы Берел ауылынан шипажайға дейінгі республикалық маңызы бар 13 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталған.

Сонымен қатар алдағы жылдары облыс орталығында бес жұлдызды Hilton қонақүйін ашу жоспарлануда.

– Өңірде алғаш рет Өскемен қаласында Hilton желісінің бес жұлдызды қонақ үйі салынады. Жобаны шамамен 2028 жылға дейін іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда конкурстық рәсімдер өткізілді, мамыр айында мемлекеттік сараптамадан өту жоспарлануда. Одан кейін құрылыс жұмыстары басталады, – деді Ирина Смит.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ