
Шығыс Қазақстан облысында өрт қауіпті кезеңнің белсенді фазасы жалғасып жатыр. Осыған байланысты өңірде орман қорын қорғау, мониторинг жүргізу және өрттердің алдын алу бағытындағы шаралар күшейтілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Амиров мәлімдеді. Облыстағы орман қорының жалпы аумағы 3 млн гектарды құрайды, оның 1,7 млн гектары орманмен көмкерілген. Бұл аумақтар жергілікті атқарушы органдар мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағында.
Мамандардың айтуынша, 2025 жылы өңірдің мемлекеттік орман қорында 27 өрт тіркеліп, жалпы 204 гектар аумақ зардап шеккен. Оның 13,1 гектары - орманды алқап. Қазіргі таңда өрттің алдын алу жұмыстарына 1 549 орман күзеті қызметкері тартылған. Сондай-ақ 437 өрт сөндіру техникасы және 8 мыңнан астам құрал-жабдық дайын тұр.
«Мониторинг жүйесінде өрт ошақтарын жедел анықтап, олардың ауқымын бағалауға мүмкіндік беретін 36 ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылады. Дрондар орман шаруашылықтары мен мониторинг топтары арасында бөлінген. Сонымен қатар өңірде жанар-жағармай қоры жасақталған», - деді Мерхат Амиров.
Сонымен қатар орман алқаптарын әуеден бақылау жұмыстары «Қазавиалесқорғау» мекемесі арқылы жүргізіледі. Қызмет құрамында 16 десантшы-өрт сөндіруші мен 4 ұшқыш-бақылаушы бар. Өңірде техникалық база да кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Соңғы жеті жылда бұл мақсатқа 2,65 млрд теңге бөлініп, жаңа техника сатып алынған.
Ал 2025 жылы лизинг арқылы тағы 122 бірлік техника алынған.Биыл 9 орман шаруашылығында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 62 шақырым минералданған жолақ жасалып, 540 шақырым аумаққа күтім жүргізіледі. 239 ақпараттық тақта орнату және халық арасында түсіндіру жұмыстары да жалғасады.