ШҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

ШҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың «Аманат» партиясының өкілдерімен кездесуі өтті. Онда өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Шығыс Қазақстанда 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 400-ге жуық жоба қаржыландырылды.

Табысты жобалардың бірі ретінде Глубокое ауданындағы Жаңа Үлбі ауылында жүзеге асырылған ауыл туризмін дамыту жобасын атауға болады. Оның жалпы құны 27,6 млн теңгені құрады. Жоба бойынша 20 орындық демалыс үйі, беседкалар мен монша салынып, газгольдер мен газбен қамту жүйесі орнатылып, бес жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда нысан келушілерді қабылдауда. Аталған жоба республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, «АйКам» әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативінің төрайымы Жанна Әбуғали «Ауылдағы үздік жоба» номинациясы бойынша 1 орынды иеленді.

2024 жылдан бастап бағдарлама аясындағы қаржыландырудың басым бағыттары айқындалды. Олар: ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарын сатып алу. Осы бағыттар бойынша туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, техника сатып алу және басқа да салаларда жалпы сомасы 1 млрд теңгеге 72 жоба мақұлданды.

Өткен жылы қаржыландыруда басты назар туризмді дамытуға (жалпы көлемнің 54%-ы), ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті қолдауға аударылды. 2025 жылға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, 305 жобаны жүзеге асыру көзделген. Алайда қаражаттың кеш түсуіне байланысты жобаларды іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп, олардың аяқталуы 2026 жылы жалғасуда.

Бағдарламаға ауыл тұрғындарының қатысуына кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі – кепілдік мүліктің жеткіліксіздігі. Осыған байланысты «Даму» қоры арқылы кепілдендіру тетігін енгізу бастамасы көтерілді.

Бірқатар мәселеге қарамастан, облыста жаңа бағыттарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, қаз өсіру саласында тауарлық несиелеу жобасы іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта 9 мыңнан астам басқа өтінім қалыптастырылып, жеткізуші анықталды. Мамыр айының екінші жартысында облысқа құс жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар Ұлан ауданындағы Манат ауылын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда «дайын бизнес» жобасы аясында жидек шаруашылығын дамыту қолға алынды. Осы мақсатта 23 мың түп таңқурай көшеті дайындалып, оларды 3 гектар жерге отырғызу жоспарлануда. Сонымен бірге инфрақұрылымды дамыту да қатар жүргізілуде: тұрғын үй құрылысы мен жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысынан алғашқы отбасы көшіп келді.

– Өңірде «дайын шаруашылықтар» моделі енгізілуде. Бұл тұрғындарға тек қаржыландыру ғана емес, дайын жобаларды, мысалы, таңқурай алқаптарын немесе мал шаруашылығы нысандарын ұсынуды көздейді. Бұл бизнесті жылдам бастап, нақты табыс табуға мүмкіндік береді. Мұндай жобалардың экономикалық қана емес, әлеуметтік әсері де зор: жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдардан көшу азайып, жергілікті экономика дамиды, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Ол ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мен ауылдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құрал болып қала береді.