ШҚО бойынша МКД: ҚҚС-тың артық сомасын оңайлатылған тәртіппен кімдер қайтара алады?

ШҚО бойынша МКД: ҚҚС-тың артық сомасын оңайлатылған тәртіппен кімдер қайтара алады?

Шығыс Қазақстан облысында қосылған құн салығының (ҚҚС) артық сомасын қайтарудың жаңа мүмкіндіктері түсіндірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, енді бірқатар салық төлеушілер ҚҚС-тың артық сомасын оңайлатылған тәртіппен қайтара алады. Атап айтқанда, салықтық мониторингте тұрған және жыл бойы нөлдік мөлшерлемемен салық салынатын операцияларды жүзеге асырған кәсіпкерлер осы мүмкіндікке ие. Сондай-ақ, егер мұндай операциялардың үлесі жалпы айналымның кемінде 50 пайызын құраса, олар да жеңілдетілген тәртіпті пайдалана алады.

Қайтару үшін салық төлеушінің орындалмаған хабарламалары болмауы тиіс. Сонымен қатар, соңғы 12 ай ішінде салықтық тексеру нәтижесінде расталған артық сома болған жағдайда, қаражат кері қайтарылады.

Департамент мәліметінше, оңайлатылған тәртіппен қайтару процесі 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Баспасөз жиынында тағы бір маңызды мәселе – салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер де айтылды. Қаржылық жағдайы қиын азаматтар салықтар мен төлемдерге қатысты мерзімін ұзарту немесе бөліп төлеу мүмкіндігін пайдалана алады.

Сонымен қатар, биыл бірқатар азаматтар үшін кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыру мерзімі келіп жетті. Бұл талап мемлекеттік қызметшілерге, депутаттарға, бюджеттік және квазимемлекеттік сектор басшыларына, сондай-ақ бизнес өкілдері мен олардың жұбайларына қатысты. Декларацияны электронды түрде арнайы сервистер арқылы тапсыруға болады.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ