ШҚО-да білім беру және ТҮКШ салаларына цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде

ШҚО-да білім беру және ТҮКШ салаларына цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде

Шығыс Қазақстан облысында жасанды интеллект технологияларын білім беру саласынан бастап коммуналдық инфрақұрылымға дейін енгізу жүйелі түрде жанданып келеді. Аталған жұмыстар жалпыреспубликалық күн тәртібі аясында жүзеге асырылуда. Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үкімет отырысына қатысты.

Қазіргі таңда өңірде ЖИ құралдары жүйелі түрде енгізілуде. Облыс бойынша 3D-модельдеу және робототехника жабдықтарымен қамтамасыз етілген 347 IT-сынып жұмыс істейді. Шығысқазақстандық мектептердің 7–9 сынып оқушылары жасанды интеллект пен деректерді талдау негіздерін меңгеруде. Сонымен қатар облыстың 20 мектебінде «Болашақ инженерлер 1-2» жобасы іске асырылуда. Ал өңір педагогтері Astana Hub базасында ЖИ және ойын әзірлеу бағыттары бойынша білім алуда.

Цифрландыру жылы аясында технологиялардың дамуы ел деңгейінде де қарқынды қолдау табуда. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа мамандықтар атласы дайындалды: 800-ден астам жаңа мамандық және 1500 білім беру бағдарламасы әзірленді.

Цифрлық шешімдер экономика саласына да енгізіліп жатыр. Отын-энергетика кешенінде ЖИ қолданылатын ондаған жоба жүзеге асырылуда: энергетикадан бастап мұнай-газ және көмір саласына дейін.

Елдің шығысында цифрлық шешімдер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да қолданылуда. Мысалы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару процесі цифрландырылған. Бұл мердігер ұйымдардың жұмыс ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жүйе GPS-мониторинг негізінде жұмыс істейді: бүгінде «Спецкоммунтранс» және «Өскемен Тазалық» кәсіпорындарының автопаркін қоса алғанда 52 техника бірлігінің жұмысы бақыланады.

Цифрлық платформа арнайы техниканың қозғалыс бағыты, жүру кестесін және қоқыс алаңдары мен полигондарға кіру уақытын тіркейді. Сонымен қатар «бұрын–кейін» фотоесебі қолданылады, бұл орындалған жұмыстардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект негізіндегі талдау кестеден ауытқуларды автоматты түрде анықтап, мердігерлер жұмысы бойынша нақты есепті көрсетеді.

Сондай-ақ тұрғындар қоқыс контейнерлерін тазалау бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда тікелей шағым жолдай алады.

Пилоттық кезеңде облыс орталығындағы 50 контейнерлік алаң QR-кодтармен жабдықталған. Бұл жүйені сынақтан өткізіп, халықпен кері байланысты жолға қоюға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта бұл тәжірибе Өскемен қаласы мен бүкіл өңір бойынша қолданалып, деректер бірыңғай цифрлық сервистерге интеграцияланбақ.

Бүгінгі Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Нұрымбет Сақтағанов деректер негізіндегі бірыңғай басқару жүйесіне көшу қажеттігін атап өтті.

«Бүгінде цифрландыру тоғыз облыстық басқарманы қамтып отыр. Қалған басқармалар жұмысты жандандыруы қажет. Бізге бірыңғай деректер базасы және ең алдымен, әлеуметтік саладағы цифрлық шешімдердің сапасын арттыру қажет», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар әкім мектептер мен медициналық мекемелерді жоғары жылдамдықты интернетке қосуды бақылауда ұстауды, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру жұмыстарын күшейтуді еске салды.

«Көктем мезгілінде табиғат жанданып, аумақтар жасыл желекпен көмкеріледі. Осы уақытта көзге көрінбейтін қоқыс қалып қоюы мүмкін. Сондықтан аумақтарды тазалау жұмыстарын күшейту қажет», – деді Н. Сақтағанов.

Сондай-ақ ол азаматтарды жеке қабылдау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдау арқылы ғана нақты жағдайды көріп, мәселелерге жедел назар аудара аламыз», – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірде Президент пен Үкімет тапсырмаларын жүзеге асыру жалғасады. Цифрландыруға, ЖИ енгізуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық беріледі.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).