ШҚО-да кәсіпкерлерге «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу тәртібі түсіндірілді

ШҚО-да кәсіпкерлерге «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу тәртібі түсіндірілді

Өскемендегі ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өнім сапасын арттыруға және өз брендін жаңа деңгейге шығаруға мүдделі шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауларына қатысу бойынша семинар өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар қатысу шарттары мен тәртібі, талаптар және өтінім беру рәсімі, іріктеу кезеңдері мен бағалау критерийлері, бизнес санаттары бойынша номинациялар, қатысудың артықшылықтары, соның ішінде брендтің танымалдылығын арттыру және тұтынушылар сенімін күшейту жөнінде ақпарат алды.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына өтінімдер қабылдау 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады. Ал «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің өңірлік кезеңі дәстүрлі түрде 15 шілдеге дейін өтеді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, мұндай семинарлар өңір кәсіпкерлеріне байқау рәсімдерін тереңірек түсінуге ғана емес, сонымен қатар өтінімдерді сапалы дайындау деңгейін арттыруға көмектеседі. Бұл өз кезегінде олардың республикалық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.