ШҚО-да «SHYGYS AIBYNY-2026» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылуы өтті

ШҚО-да «SHYGYS AIBYNY-2026» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылуы өтті

Шығыс Қазақстан облысында жастар арасындағы облыстық әскери-патриоттық «SHYGYS AIBYNY-2026» жиынының ашылу салтанаты өтті.

Биылғы іс-шараға облыстың 13 қала және ауданынан 131 қатысушы келді. Әр команда құрамында ұлдармен қатар қыздардың да болуы - ерекше атап өтерлік жайт.

Ашылу салтанаты сапқа тұрудан басталды. «Жас Сарбаз» РҚБ өңірлік филиалының төрағасы Даурен Шоматовтың басшылығымен қатысушылар саптық шерумен жүріп өтті. Одан кейін әскери-қолданбалы дайындық элементтерін көрсетті: қаруды меңгеру, кедергілер жолағынан өту және тактикалық іс-қимылдар.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мұндай жиындардың патриотизмді, тәртіпті және жауапкершілікті қалыптастырудағы маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін сіздер жай ғана жарысқа қатысушы емессіздер. Сіздер – еліміздің болашағысыздар. Осындай іс-шаралар мінез қалыптастырып, командамен жұмыс істеуді, шешім қабылдауды үйретеді», – деді өңір басшысы.

Нұрымбет Сақтағанов өзінің де әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегенін айтып, автоматты бөлшектеу дағдысын еске түсіріп көрді. Кейін жиын қатысушылары облыс әкімін далалық асханадан дәм татуға шақырды.

«Айбын» әскери-патриоттық жиыны он бірінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде жастар қозғалысын дамытуға арналған маңызды алаңға айналды. Шығыс Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбие бағыты да қарқынды дамуда: 24 мектепте «Жас Сарбаз» сыныптары жұмыс істейді, 267 клуб пен бірлестікте 5,5 мыңнан астам курсант тәрбиеленуде.

Жиынның үздік қатысушылары Шығыс Қазақстан облысының намысын республикалық және халықаралық деңгейде қорғайтын болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел болашағының бейнесін қалыптастыратын – жастар. Мемлекеттің әрі қарай дамуы олардың дайындығы мен құндылықтарына байланысты.

Айта кетейік, «SHYGYS AIBYNY-2026» жиыны бірнеше күнге созылады. Қатысушыларды дене төзімділігін, командалық рухты және патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған түрлі сынақтар күтіп тұр.