ШҚО-да биыл «Ең үздік аула, көше, ауыл және елдімекен» байқауы өтеді

ШҚО-да биыл «Ең үздік аула, көше, ауыл және елдімекен» байқауы өтеді

Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі ірі кәсіпорындар, мекемелер мен құрылымдардың басшыларымен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

«Көптеген кәсіпорын «Таза Қазақстан» акциясын белсенді қолдап, өз аумақтарын абаттандыруда. Бизнес қауымдастығы тазалықты сақтап, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жерге жауапкершілікпен қарап, коммуналдық қызметтер күн сайын үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Бүгінгі басты міндет – бұл жұмысты бір реттік акция емес, тұрақты әрі жүйелі үрдіске айналдырып, барлық күш-жігерді біріктіру. Шығыс Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Ал әр үйде тазалық пен тәртіп күн сайын сақталуы тиіс. Бірлескен күш-жігер арқылы өңірімізді таза, жайлы әрі тартымды ете аламыз», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы ірі кәсіпорындардың жетекшілерін, шағын және орта бизнес өкілдерін іргелес аумақтарды абаттандыруға ерекше назар аударуға шақырды.

Сонымен қатар Нұрымбет Сақтағанов облыста абаттандыру, стихиялық қоқыс үйінділерін жою және тазалықты қамтамасыз ету жұмыстарының күшейтіліп жатқанын атап өтті. Бұл ретте тек аулалар ғана емес, саяжай алқаптарын да қамтып, тұрғындарды да белсенді тарту қажеттігі айтылды.

«Тәртіп әрқайсымыздан – өз ауламыздан, көшемізден, жұмыс орнымыздан басталады», – деп атап өтті ол.

Әкімнің айтуынша, көктемнің келуімен туристік маусым да басталады. Сондықтан өңір елдімекендері туристерді, демалушыларды және қонақтарды лайықты қарсы алу үшін таза, көрікті әрі тартымды болуы тиіс. Осыған байланысты биыл облыста «Ең үздік аула, көше, ауыл және елдімекен» байқауын өткізу жоспарланған.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс бойынша шамамен 150 мың адам қатысты. Нәтижесінде 1584 гектардан астам аумақ тазартылып, оның ішінде 3403 аула ретке келтірілді. 259 арнайы техника жұмылдырылып, шамамен 3 800 тонна қоқыс шығарылды.

Биыл «Мөлдір бұлақ», «Таза қала», «Таза өлке» экологиялық акцияларына 32 мыңнан астам адам қатысып, 750 тоннадан астам қалдық шығарылды, 1100 гектар аумақ тазартылды.

Көгалдандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылдан бері елдімекендерде 248,5 мың көшет отырғызылды. Оның ішінде өткен жылы 138 мыңнан астам ағаш егілсе, биыл 111,2 мың көшет отырғызу жоспарланған.

25 сәуір күні ағаш отырғызу, аумақтарды, өзен-көлдер мен бұлақ көздерін тазалау бойынша ауқымды сенбілік өткізу жоспарланған.

Оған 326 кәсіпорын мен бизнес субъектісі қатысады. Жалпы 100 мыңға жуық тұрғын атсалысады деп күтілуде. 11 мыңнан астам көшет отырғызылып, 1 190 гектар аумақ, 129 өзен мен бұлақ тазартылады. Бұл жұмыстарға 108 бірлік техника жұмылдырылады.

Облыс орталығында 55 мыңнан астам адамның қатысуымен 550 көшет отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар 22 бірлік арнайы техниканың көмегімен Өскемен қаласы мен оған іргелес аумақтардың шамамен 180 гектары тазартылатын болады.