
23 сәуір – Қазақстандағы Ұлттық кітап күні. Бұл жаңа мереке күнтізбеге екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына сәйкес енгізілді.
Шығысқазақстандықтар бірнеше жыл қатарынан елдегі ең көп оқитын өңірлердің бірі екенін дәлелдеп келеді. Облыста 170 кітапхана тұрақты жұмыс істейді, олардың басым бөлігі ауылдарда орналасқан. Кітапханаларда оқырман саны азайған емес.
ШҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың кітаптар топтамасын (сурет) ұсынды.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, Шығыс Қазақстан кітапханалары оқырман саны бойынша республика өңірлері арасында көш бастап тұр.
Бұл күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы ғимаратының алдында түрлі жастағы тұрғындар жиналып, кітап пен оқу мәдениетіне құрмет көрсетті. Аталған руханият ордасына 130 жыл толды. Өңір басшысы бұған дейін атап өткендей, мұнда соңғы жиырма жылда алғаш рет демеушілер қаражаты есебінен күрделі жөндеу жүргізілді.
Әкім өз сөзінде кітаптың жеке тұлғаның қалыптасуы мен дүниетанымын кеңейтудегі маңызы зор екенін, ал өңірде кітап оқуға деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқанын айтты.
«Біз облыс тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Біздің міндет – осы сұранысты қолдау: кітапханаларды дамыту, кітаптарды қолжетімді ету және жастар арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру», – деді әкім Нұрымбет Сақтағанов.
Кітапханаларды жаңғыртуға, ағартушылық іс-шараларды өткізуге және балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға тартуға ерекше көңіл бөлінуде.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).