
Астанада Орталық Азиядағы тұрақты даму күн тәртібін айқындайтын негізгі халықаралық алаң – RES 2026 Өңірлік экологиялық саммиті өз жұмысын бастады.
Саммит Мемлекет басшысының бастамасымен өтіп, экология, климаттық тұрақтылық және экономиканы «жасыл» трансформациялау саласында бірлескен шешімдер әзірлеу үшін мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық пен бизнес өкілдерін біріктірді.
Пленарлық отырыс барысында стратегиялық бағыттар айқындалды: төмен көміртекті экономикаға көшу, «жасыл» технологияларды дамыту және жаһандық климаттық сын-қатерлер жағдайында халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
«RES 2026 EXPO» халықаралық көрмесі аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті өзінің тұрақты дамудың кешенді моделін – Green EKTU жобасын таныстырды. Бүгінде бұл модель Қазақстан университеттері үшін бағдарға айналып келеді.
Green EKTU негізгі бағыттар бойынша дамуда:
Green Science – экологиялық сын-қатерлерді шешуге және тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми зерттеулер;
Green Education – тұрақты даму үшін кадрлар даярлауға арналған жаңа буын білім беру бағдарламалары.
Университет «Қоршаған орта химиясы және тұрақты даму», «Жасыл химия», «Қалпына келетін энергетика», экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша кең ауқымды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Ерекше маңызға ие бағыттардың бірі – халықаралық талаптарға, соның ішінде МАГАТЭ стандарттарына сәйкес индустриялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылатын «Атом электр станцияларын пайдалану» білім беру бағдарламасы.
Green Technologies – төмен көміртекті және энергия тиімді шешімдерді енгізу, жаңартылатын энергия көздерін және қайта өңдеу технологияларын дамыту;
Green Mind – студенттер мен қызметкерлер арасында экологиялық ойлау мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Digital & Green Campus экожүйесі – Big Data және Data Hub негізінде құрылған бірегей цифрлық орта. Ол барлық үдерісті біріктіріп, «ақылды» әрі экологиялық кампусты дамытуға мүмкіндік береді.
Саммит аясында университеттің өңірлердің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған қолданбалы әзірлемелері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
ШҚТУ тек тұжырымдамаларды ғана емес, нақты шешімдерді де ұсынып отыр. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен гидродинамикалық модельдерге негізделген су тасқындарын мониторингтеу және болжау жүйесі, Шығыс Қазақстан облысындағы қар көшкіні белсенділігін цифрлық мониторингтеу жобалары таныстырылды.
Бұл жобалар «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында жүзеге асырылып, аумақтардың қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Бүгінде университет – Қазақстандағы GreenMetric халықаралық рейтингінің көшбасшысы, «2025 жылдың ең жасыл университеті» атағының иегері, өңірлік және халықаралық экологиялық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысушы әрі болашақтың «жасыл» экономикасы үшін кадрлар даярлайтын жетекші орталық.