
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Соның барысында өндіріс, туризм және гидроэнергетика салаларын дамыту мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысының айтуынша, өңірде кәсіпкерлермен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында Іскерлік кеңес құрылған. Бұл алаң бизнес өкілдерінің ұсыныстарын қарастырып, өзекті мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.
– Облысымызда туризм саласының әлеуеті өте жоғары. Қазір осы бағытты дамытуға арналған арнайы жоспар әзірленіп жатыр, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өз кезегінде Қанат Шарлапаев өңірде кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақпен стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүдделі. Әсіресе, гидроэнергетика саласына инвестиция тарту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді ол.
Кездесу барысында облыста шамамен 90 гидроэлектр станциясын салуға арналған алаң анықталғаны айтылды. Сонымен қатар өңірдің туристік тартымдылығын арттыру үшін экологиялық жағдайды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетейік, жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев өңірдегі бірқатар кәсіпорынды, оның ішінде «Шығыс Сүт», «Силумин-Восток» және «Алтай Май» компанияларын аралауды жоспарлап отыр.