ШҚО-да мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы «Мен – кәсіпкермін» байқауының финалы өтті

ШҚО-да мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы «Мен – кәсіпкермін» байқауының финалы өтті

Өскеменде мектеп оқушылары мен студенттер арасында жыл сайын ұйымдастырылатын «Мен – кәсіпкермін» байқауының финалы өтті. Бұл жоба тоғызыншы жыл қатарынан Шығыс Қазақстан облысында өз ісін дамытқысы келетін жастарды біріктіріп келеді.

Байқауды Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан-Американдық еркін университеті мен Өскемен экономика және техника колледжі ұйымдастырды.

Алғаш рет Шығыс Қазақстанда бастау алған жоба бүгінде республикалық деңгейге шығып, үшінші жыл қатарынан Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – жастар арасында кәсіпкерлік ойлауды дамыту және бизнесті жүргізудің практикалық дағдыларын қалыптастыру.

Байқау оқу орындарындағы іріктеуден бастап сарапшылар бағалауына дейін бірнеше кезеңнен тұрды. Биыл жобаға қызығушылық жоғары болды: 19 колледж бен 12 мектептен 83 өтінім келіп түсті. 10 аудан мен облыс орталығынан 128 қатысушы бақ сынасты. Финал Қазақстан-Американдық еркін университетінде бизнес-идеяларды көпшілік алдында қорғау форматында өтті.

«Қатысушылар заманауи экономиканың он негізгі бағыты бойынша жобаларын ұсынды: әлеуметтік кәсіпкерлік пен саудадан бастап цифрлық технологиялар, туризм, медицина, креативті индустриялар және агроөнеркәсіп саласына дейін. Жобалар әртүрлілігімен және жоғары деңгейде дайындалуымен ерекшеленді. Ұсынылған идеялардың қатарында қызмет көрсету саласындағы стартаптар, қалдықтарды қайта өңдеу жобалары, білім беру платформалары, цифрландыру бастамалары, жергілікті ресурстарды пайдаланатын шағын өндіріс концепциялары бар. Қатысушылар креативтілікпен қатар бизнес-модельдерді есептеу, тәуекелдерді бағалау және даму әлеуетін анықтау қабілеттерін көрсетті», – делінген ШҚО Кәсіпкерлер палатасының ақпаратында.

Байқау нәтижесінде «Туризм» номинациясы бойынша Айзере Ерболова («Асубұлақ ауылындағы экотуризм жобасы»), «Әлеуметтік кәсіпкерлік» – Максим Вацуро («EcoHelp»), «Білім беру, ақпарат және цифрлық технологиялар» – Радомир Красильников (өртті бақылау және сөндіруге арналған БПЛА кешені), «Медицина, денсаулық, сұлулық индустриясы» – Анастасия Стоякина / Нұрмухамет Батырхан (есту қабілеті төмен жандарға арналған білім беру сайты), «Шоу-бизнес, мәдениет, өнер» – Рысбек Мирас (асық ату арқылы көше демалысын дамыту), «Көлік, логистика және экология» – Ертайқызы Әдемі / Нұржанқызы Айым («Ертіс логистик»), «Өндіріс, технологиялар, ауыл шаруашылығы» – Кирилл Шерудило (бөдене фермасы, «Қонақүй ісі, қоғамдық тамақтандыру» – Эльдар Автудинов / Марғұлан Кемешов (KEL Doner), «Сауда» – Малика Төлеуханова (интеллектуалды демалыс аймағы), «Дизайн және креативті индустриялар» – Доменика Бауединова («Фасад-мастер») жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар «TUMAR ART» жобасы (қайта өңделген ағаштан жасалған ұлттық қолөнер бұйымдары) Кәсіпкерлер палатасының дипломымен және ақшалай сыйақымен марапатталды.

Үздік жобалардың авторлары облыс атынан республикалық кезеңде бақ сынайды. Шығыс Қазақстан облысы бұған дейін де жоғары нәтижелер көрсеткен. Мәселен, 2024 жылы қатысушылар екінші орын, 2025 жылы екі үшінші орынға ие болды.

Осылайша, «Мен – кәсіпкермін» байқауы өңірдің болашақ кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.