Шығысқазақстандық университет QS Stars рейтингінің ең жоғары бағасын алды

Шығысқазақстандық университет QS Stars рейтингінің ең жоғары бағасын алды

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті беделді QS Stars рейтингтік жүйесінде ең жоғары 5 жұлдыздық бағалауға ие болды.

Бұл «бір реттік комиссия бағасы» емес, университеттің халықаралық әдіснама бойынша кезең-кезеңімен өтетін кешенді аудиті.

Алдымен университет өтінім беріп, ауқымды дәлелді деректер пакетін дайындайды. Оған статистикалық мәліметтер, ішкі есептер, студенттер мен түлектер сауалнамасының нәтижелері, оқытушылар құрамы туралы ақпарат, инфрақұрылым, серіктестік байланыстар және басқа да көрсеткіштер кіреді.

Келесі кезеңде деректерді QS сарапшылары - жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдаушылар тобы мұқият тексереді.

Осыдан кейін университет бірнеше негізгі критерийлер бойынша жан-жақты бағаланады: оқыту сапасы (білім беру деңгейі, оқу нәтижелері), түлектердің жұмыспен қамтылуы (мансаптық жетістіктері және жұмыс берушілермен байланыс), инфрақұрылым (кампус, зертханалар, қызмет көрсету жүйелері), интернационалдандыру (халықаралық серіктестік, академиялық ұтқырлық, шетелдік студенттер), ғылыми зерттеулер және басқа да бағыттар.

Бағалау қорытындысы бойынша ШҚТУ бірқатар негізгі бағыттар бойынша ең жоғары баға - 5 жұлдызға ие болды (оқыту, инфрақұрылым, «Құрылыс» бағдарламасы, тиімді басқару, экологиялық әсер, түлектерді жұмыспен қамту). Халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растап, жекелеген көрсеткіштермен ғана емес, жүйелі даму деңгейін де көрсетті.

Айта кетейік, QS Stars – жоғары оқу орындарын кешенді түрде бағалайтын халықаралық мойындалған жүйе.

Фото: ШҚТУ