ШҚО-да биыл интернет-алаяқтықтың 296 дерегі тіркелді

ШҚО-да биыл интернет-алаяқтықтың 296 дерегі тіркелді

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 296 фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 жағдайға аз.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ШҚО Киберқылмыспен күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Бекжан Малгаждаров мәлімдеді.

Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты алаяқтардың әдіс-тәсілдері де барған сайын күрделеніп келеді. Алайда олардың басты мақсаты өзгеріссіз – азаматтардың жеке деректері мен қаржысын иемдену.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, интернет-алаяқтықтың ең кең таралған түрлерінің бірі – жалған курьерлік қызметтер арқылы жасалатын алдау.

Алаяқтар өздерін CDEK курьерлік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, сізге сәлемдеме келгенін хабарлайды. Кейіннен SMS арқылы келген кодты сұрайды. Біраз уақыттан соң олар қайта байланысып, өздерін «eGov» порталының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтың жеке деректеріне алаяқтар қол жеткізуге тырысып жатқанын, сондықтан оларды шұғыл түрде бұғаттау қажет екенін айтады. Осы мақсатта қайтадан код сұрап, бейнетексеруден өтуге көндіреді. Нәтижесінде азаматтар өз жинақтарынан айырылып қалуы мүмкін.

Мамандар күмәнді сілтемелерге өтпеуді, SMS-кодтарды бөгде адамдарға айтпауды және жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуді ұсынады.

Бұдан бөлек, интернет-дүкендер, пәтер жалдау және қала сыртындағы демалыс орындары саласында да алаяқтық жағдайлары жиі кездеседі. Алаяқтар жалған хабарландырулар орналастырып, азаматтардың сеніміне кіреді. Сондықтан алдын ала төлем жасауға болмайды.

Қазіргі уақытта өңірде интернет-алаяқтықпен күрес белсенді түрде жүргізілуде. Киберқылмыспен күрестегі ең тиімді әдіс – алдын алу шаралары. Бұл бағытта ҚР ІІМ-нің 2026–2028 жылдарға арналған киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы және «Anti-Fraud» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыстар атқарылуда.

Полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, жадынамалар таратып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі мақсат – әрбір азаматты ақпараттандыру, себебі сақтық – қауіпсіздіктің басты кепілі.

Осындай жағдайға тап болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласу қажет.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ