
Қазақстанда 16 сәуір күні Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке сумен және жылумен жабдықтау, электр желісі жұмысы, елдімекендерді абаттандыру саласын қамтамасыз ететін мамандарға арналады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өңір басшысының айтуынша, олардың күнделікті еңбегінің арқасында тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, үйлер мен әлеуметтік нысандар тәулік бойы жылумен, сумен және электр энергиясымен қамтылады, ал елді мекендер абаттандырылған күйде сақталады.
Жалпы ШҚО-да сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 4741,32 шақырым, кәріз желілерінің ұзындығы 1181,58 шақырым және жылу желілерінің ұзындығы 1018 шақырымды құрайды. Сондай-ақ өңірде 34 орталықтандырылған қазандық және үш жылу электр орталығы жұмыс істейді.