ШҚО-да полиция жұмысының сервистік моделі аясында 13 профилактикалық кабинет ашылды

ШҚО-да полиция жұмысының сервистік моделі аясында 13 профилактикалық кабинет ашылды

Шығыс Қазақстан облысында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында 13 профилактикалық кабинет ашылды.

« Бұл алаңдар қызметтің сервистік үлгісіне көшудің нақты нәтижесіне айналды. Енді полиция, медицина және әлеуметтік қызметтердің күші халыққа кешенді көмек көрсету үшін біріктірілді. Жұмыстың басты бағдары - тек күш қолдану әдістерінен жүйелі алдын алу шараларына көшу. Бұл тәсіл құқық бұзушылықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оның туындау себептерін жоюға мүмкіндік береді.

Алғашқы қорытындылар азаматтар тарапынан мұндай форматқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Өңір тұрғындары бұл кабинеттерге тек құқықтық кеңес алу үшін емес, сонымен қатар отбасылық жанжалдар, тәуелділік пен интернет-алаяқтықтан қорғану сияқты өзекті әлеуметтік мәселелермен де жүгінуде. Тіпті қиын өмірлік жағдайға тап болған көптеген азаматтар өз бастамасымен психологиялық қолдау іздеп келеді», - деді ШҚО Полиция департаментінде.

Жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Мұнда учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлері арнайы мамандармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қысқа мерзім ішінде психологтардың қатысуымен - 48, наркологтармен - 46 және әлеуметтік қызметкерлермен 31 іс-шара өтті.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде: педагогтармен бірлесіп, қақтығыстарды ерте анықтауға бағытталған 51 кездесу ұйымдастырылды.  Тәуекел тобындағы тұлғалармен жұмыс істеу және азаматтардың тұрмыстық саладағы заңды мүдделерін қорғау басты басымдық болып қала береді. Бүгінде 67 адам мамандардың бақылауында болса, 29 тұлға әкімшілік қадағалауға алынған.

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында 56 қорғау нұсқамасы шығарылып, 47 азаматтың мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді.