
Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылғы 7 сәуір мен 12 мамыр аралығында кене энцефалиті мен туляремия бойынша эндемиялық аумақтарда дератизациялық және дезинсекциялық іс-шаралардың көктемгі кезеңі жүргізілуде.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық сараптама орталығы ШҚО бойынша филиалының дезинфекция бөлімі басшысы Гүлмира Адылбаева хабарлады.
Заманауи препараттар қолданылады. Іс-шараларды орындау үшін төрт арнайы бригада құрылған.
Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты — қауіпті жұқпалы ауруларды тарататын кенелер мен кеміргіштердің санын азайту. Өңдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақтарға арнайы ескерту белгілері орнатылады.
Ведомство тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады: өңделген аумақтарда уақытша мал мен құс жаймау, сондай-ақ аралардың ұшуын шектеу қажет, өйткені қолданылатын препараттар оларға зиян келтіруі мүмкін.
Эпидемияға қарсы іс-шаралар Өскемен, Риддер қалаларын және облыстың бірқатар аудандарын қамтиды. Олардың қатарында Ұлан, Глубокое, Самар, Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Шемонаиха аудандары және Алтай ауданы бар. Қазіргі уақытта өңдеу жұмыстары облыс орталығы мен оның маңында, сондай-ақ Ұлан ауданында аяқталған. Бүгінде жұмыстар Глубокое ауданында жалғасуда.
2026 жылдың көктемі басталғалы Шығыс Қазақстан облысында кене шағуына байланысты медициналық көмекке 90 адам жүгінген, олардың жартысына жуығы — балалар. Өткен жылмен салыстырғанда жағдай жиілеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина хабарлады.
Медициналық көмекке жүгінгендер саны артуына қарамастан, кене энцефалиті, Лайм ауруы және кене риккетсиозы сияқты қауіпті аурулар бойынша өңірде әзірге тіркелген жағдайлар жоқ. Алайда мамандардың айтуынша, аурудың шарықтау шегі дәстүрлі түрде мамыр айына келеді.
Зардап шеккендердің 93%-дан астамы профилактикалық мақсатта иммуноглобулин алған. Спикерлер уақытылы медициналық көмекке жүгіну асқыну қаупін айтарлықтай төмендететінін атап өтті.
Сәуле Слямгазинаның айтуынша, Алтай, Катонқарағай, Глубокое, Ұлан аудандары, сондай-ақ Өскемен мен Риддер қалаларының маңайы қауіпті аймақтар болып қала береді. Дәл осы аумақтарда жыл сайын кенелердің белсенділігі жоғары деңгейде тіркеледі.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ