ШҚО-дағы «ALTAY BUSINESS» форумы: туризмді, агроөнеркәсіп кешенін, IT саласын, ара шаруашылығын, аквамәдениетті және креативті индустрияны дамыту

ШҚО-дағы «ALTAY BUSINESS» форумы: туризмді, агроөнеркәсіп кешенін, IT саласын, ара шаруашылығын, аквамәдениетті және креативті индустрияны дамыту

Шығыс Қазақстан облысының орталығында 1500 кәсіпкерді, сарапшыларды және мемлекеттік органдар өкілін жинаған «ALTAY BUSINESS» форумы өтті.

Форумды ШҚО әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп  басқармасы ұйымдастырып, тек бизнес өкілдерін ғана емес, өз хоббиін креативті индустрия элементіне айналдырған басқа өңірлерден келген хедлайнерлерді де шақырды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов форум аясында өңірлік бизнес кәсіпорындарының өнімдері ұсынылған көрмемен танысты. 

«Шығыс Қазақстан - әлеуеті жоғары өңір. Бүгінде мұнда елдегі өнеркәсіп өндірісінің шамамен 6%-ы қалыптасты, инвестиция көлемі 838 млрд теңгеден асады, ал шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 24,4%-ды құрайды.

Облыста 58 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 157 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл - экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың негізі», - деді  Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде тек талқылап қана қоймай, нақты шешімдер ұсынып, күш біріктіріп, алға жылжу қажет. Ал мұндай іс-шаралардың басты мәні - жаңа идеялар мен бастамаларды қолдау.

Форум қатысушылары кәсіпкерлікті дамытудың негізгі бағыттарын талқылады: шағын және орта бизнесті қолдау, компаниялардың өсуі, аквамәденинттң, агробизнесті, ара шаруашылығын, креативті индустрияны, IT саласын, туризмді дамыту, экспортты арттыру және жаңа нарыққа шығу.

Сонымен қатар форумда әкімшілік кедергілерді жою, жобаларды іске қосуды жеделдету, бизнесті өңір ішінде және одан тыс жерлерде кеңейту мәселелері қаралды.

Негізгі басымдықтардың бірі «бір терезе» қағидатына берілді. Бұл кәсіпкерлерге қолдау мен мемлекеттік қызметтерді бір жерде, артық рәсімдерсіз және уақыт жоғалтпай алуға мүмкіндік береді.

Форум облыс әкімінің қорытынды сөзімен аяқталып, өңірдегі кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға арналған нақты іс-қимыл тетіктері айқындалды.