ШҚО-да қар еруінің белсенді кезеңі өтуде

ШҚО-да қар еруінің белсенді кезеңі өтуде

«Қазгидромет» ШҚ филиалының деректері бойынша облыс аумағындағы қар жамылғысы 32%-ға дейін қысқарды. Глубокое, Марқакөл  және  Алтай аудандарында қардың биіктігі  20 см-ден 43 см-ге дейін төмендегені анықталды. Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Ұлан және Самар аудандарының басым бөлігінде қар жамылғысы толық еріп кетті.

Ірі өзендердің арналары мұздан ашылды. Жағалауларда мұз үйінділері мен қалдық байқалады. Су деңгейі қауіпті межеден төмен.

Гидротехникалық құрылыстар тұрақты бақылау режиміне ауыстырылды. Бұқтырма су қоймасында мұз қабатының әлсіреуі байқалады.

Қазір өзендердің арнасынан асуы, тұрғын үйлер мен үй маңындағы аумақтардың су басуы тіркелген жоқ.

Өңірде су тасқынына қарсы шаралар кешенін іске асыру жалғасуда. Су деңгейлерін бақылау гидропостар желісі арқылы жүзеге асырылып, су тасқыны қауіпті учаскелерге әуеден мониторинг жүргізіледі. Қазірдің өзінде 7 аэровизуалды барлау жүргізілді.

Халықпен алдын алу жұмысы жандандырылды: тұрғын үй секторында 675 рейд  ұйымдастырылды. Тұрғындарға үйлердің жанындағы арықтар мен өзен арналарын уақтылы тазалау ұсынылды.

Жағдай күрделенген кезде жергілікті атқарушы органдардың резервінде 82,2 мың қап, 10,278 тонна инертті материал, 393,65 тонна ЖЖМ бар.

3677 адамнан тұратын күштер мен құралдар тобы құрылып, 556 бірлік техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа жұмылдырылды. Жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан асатын 182 уақытша орналастыру пункті дайындалды.

Дереккөз: ШҚО ТЖД