
Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Шығыс Қазақстан облысы Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің II отырысы өтті. Оған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Ғылым күні қарсаңында өткізіліп жатқан кеңестің екінші отырысында сіздермен кездескеніме қуаныштымын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ғылым мен технологияны Отанымыз үшін стратегиялық маңызды сала деп айқындап, оны дамытуға ерекше назар аударып келеді. Жаңа Конституция ғылыми ізденістер мен көркем шығармашылықты қорғаудың құқықтық негізін нығайтып, зияткерлік меншік құқығын күшейтеді. Бүгінгі жиынның негізгі мақсаты - облыстың ғылыми әлеуетін арттыру, инновациялық жобаларды қолдау және тәжірибе алмасу арқылы жаңа бастамаларды іске асыру жолдарын қарастыру», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі өз сөзінде ғылым мен білімнің дамуы - жеке тұлғаның ғана емес, ел дамуының да басты кепілі екенін жеткізіп, бұл салада адал, табанды еңбек етіп жүрген ғалымдарға, оқытушыларға, магистранттарға және зерттеушілерге ғылымды дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғысын білдірді.
Отырыс барысында «VERITAS» артықшылық орталығының жетекшісі Ернат Қожахметов «Ұнтақ металлургиясы әдістері арқылы керамикалық және металл бұйымдарын өндіруге арналған пресс-құралдарға импортты алмастыратын технологиялар мен материалдарды әзірлеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» атты баяндама жасады.
Ал С.Аманжолов атындағы ШҚУ Ұлттық ғылыми зертханасының меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла «Топырақтың ылғал сақтау қабілетін және агрохимиялық көрсеткіштерін жақсартуға, ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға арналған биокомпозициялық материал әзірлеу» тақырыбында сөз сөйледі.
Шара соңында Нұрымбет Сақтағанов жемісті жұмыс істеп жүрген ғылым саласының өкілдеріне Алғыс хаттар табыстады. Марапатталғандар қатарында ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлері, жеке компаниялардың ғылыми қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары бар.