ШҚО-ның үш ауданындағы полиция сыныптарының оқушылары Полиция департаментіне экскурсияға барды

ШҚО-ның үш ауданындағы полиция сыныптарының оқушылары Полиция департаментіне экскурсияға барды

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Жеке құрам басқармасының ұйымдастыруымен Ашық есік күнін өткізді. Іс-шараға Глубокое, Ұлан және Марқакөл аудандарынан келген «Жас сақшы» полиция сыныптарының тәрбиеленушілері қатысты.

-Іс-шаранык ең әсерлі бөлімі жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың базасынан басталды. Оқушылар жалықтыратын дәрістердің орнына нағыз қызметке куә болды: қару-жарақпен танысу, саперлердің жұмысы және қызметтік иттердің шеберлігі. Арнайы техникалардың қуаты мен ЖҚАЖ сарбаздарының автоматты түрдегі шыңдалған дайындығы жастарға азаматтардың тыныштығын күзетуде қандай күш пен ерік-жігер тұрғанын ұғындырды.

Бұдан кейін мектеп оқушылары жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Үлкен экрандардан нақты уақыт режимінде қауіпсіздіктің тыныс-тіршілігі көрініс тапты. Бейнебақылау жүйелері мен қызметкерлердің қас қағым сәттегі үйлесімді іс-қимылы интеллект пен жоғары технологиялардың заң сақшыларымен қатар жүріп, қала өмірін әр секунд сайын бақылауға мүмкіндік беретінін көрсетті, - деді ШҚО Полиция департаментінде.

Одан кейін оқушылар ШҚО ПД мұражайына барды. Сондай-ақ АКТ залында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. «Жас сақшы» сыныптарының үздік оқушылары алғашқы кәсіби марапаттарына ие болып, оқу мен тәртіптегі жетістіктері үшін грамоталармен марапатталды.

Күн экологиялық акциямен аяқталды. Полицейлер мен оқушылар бірлесіп, қамқорлыққа алынған мектеп-интернаттың аумағына жас шыршалар отырғызды.