Үлкен Нарын ауданында туристік орталықты абаттандыру және бассейн құрылысы бойынша жобалар жүзеге асырылуда

Үлкен Нарын ауданында туристік орталықты абаттандыру және бассейн құрылысы бойынша жобалар жүзеге асырылуда

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Үлкен Нарын ауданына жасаған жұмыс сапары барысында туристік-ақпараттық орталық аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Құны шамамен 92 млн теңгені құрайтын бұл жобаны «Үлкен Нарын ауданы мәдениет және демалыс орталығы»кәсіпорны мен «Нарын строй сервис» ЖШС жүзеге асыруда.

Жоба аясында аумақты кешенді абаттандыру қарастырылған: шамамен 800 шаршы метр аумаққа брусчатка төсеу, саябақ шамдарын, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, гүлзарлар орнату. Қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Сонымен қатар облыс әкімі бассейн құрылысымен танысты. Мердігер ұйым – «Элхон» ЖШС дайындық жұмыстарына, соның ішінде қажетті құрылыс материалдарын сатып алуға кірісті.

«Бұл нысандардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, туризмді дамыту және Шығыс Қазақстан облысы аудандарындағы инфрақұрылымды жақсарту үшін зор маңызға ие. Біз үшін мерзімдерді сақтау, құрылыс сапасы және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері басым бағыт болып қала береді», – деді облыс әкімі.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әкім жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлерге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, жобаларды іске асыру қарқынын жеделдету және оларды белгіленген мерзімде пайдалануға беру. Нысанды биыл аяқтау жоспарланып отыр.