ШҚО-да тағы бір елдімекен «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына қосылды

ШҚО-да тағы бір елдімекен «Ішімдіксіз ауыл» бастамасына қосылды

Шығыс Қазақстан облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы жалғасын табуда.

Бұл бастаманы кезекті болып Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылдық округіне қарасты Бозша ауылы қолдады. Осылайша, бұл елді мекен өңір бойынша алкогольдік өнімдерді сатудан толықтай бас тартқан 26-шы ауыл болды.  

Игі істің бастаушысы - жергілікті жастар ауыл ақсақалдары мен қарияларына ұсыныс тастаған. Бұл шешімді ауыл тұрғындары бірауыздан қолдаған.

Бозша ауылында 154 адам тұрады, 60-қа жуық үй бар. Ауыл өзінің спортшы жастарымен және белсенді қоғамдық ұстанымымен танымал. Мұнда тұрақты түрде спорттық іс-шаралар өткізіліп тұрады, ал салауатты өмір салты — ауыл тұрғындары өмірінің маңызды бөлігі.

Мамандардың айтуынша, ішімдік сатуға шектеу қойылған елді мекендерде құқық бұзушылық деңгейі, соның ішінде мас күйінде жасалатын қылмыстар азайған. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен ұсақ бұзақылық фактілерінің де төмендегені байқалады.

Егер 2025 жылы өңірде 21 «ішімдіксіз ауыл» болса, биыл олардың саны 26-ға жетті.

Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық кеңестермен бірлесе отырып және полицияның қолдауымен жүргізілуде және алдағы уақытта да жалғасады.