Шығыс Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық күшейеді

Шығыс Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық күшейеді

Шығыс Қазақстан облысы делегациясының 29 өкілі 2-3 сәуір күндері Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарымен жүр. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бастаған құрамда бизнес өкілдері, туризм саласының мамандары және өңір әкімдігінің қызметкерлері бар.

Олар электр энергетикасы, өндіріс және туристік бағдарламаларды дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды талқылап, нақты ұсыныстарды қарастыруда.

Сапар аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында B2B форматындағы кездесулер, өндірістік нысандарға бару және форум шеңберіндегі пікір алмасулар ұйымдастырылды. Бұл екі өңір арасында ашық диалог орнатып, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін айқындауға жол ашпақ.

Баяндама жасаған ШҚО Туризм басқармасының басшысы Ержан Сембиновтың айтуынша, аймақтың туризм саласындағы әлеуеті зор.

- Облысымызда туристерді орналастыруға арналған 405 нысан бар. Жыл сайын бізге келетін туристер саны артуда. Мәселен, өткен жылғы туристер саны 800 мыңнан асқан. Қазіргі уақытта Президент тапсырмасымен Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қытайлық әуе компаниялар бұл әуежайларға тікелей рейстер ашады деген үміттеміз, - деді басқарма басшысы.

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Чжан Лиин өз сөзінде өңірге былтыр 323 млн-нан астам турист келгенін, бұл көрсеткіштің алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,03 пайызға артқанын жеткізді.

- Бізде 18 мың түрлі туристік нысан бар. Осындай кездесулер өзара әріптестікті нығайта түсуге жол ашады. Шығыс Қазақстанмен мәдениет және туризм бағыттарында бірлескен жұмысты күшейтуге мүдделіміз, - деді ол.

Ал ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов өлкенің туристік әлеуетін таныстырып, саланы дамытудың негізгі бағыттары, бірегей табиғи нысандар мен туристерді тарту мүмкіндіктері туралы жан-жақты баяндады.

Өз сөзінде ол Шығыс Қазақстан облысының тамаша табиғаты туризмді дамытуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі туристік қызметтің жай-күйіне, саланың даму қарқынына тоқталды.

Баяндамасында спикер алдағы кезеңдегі өсу перспективаларын да айқындап, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған нақты жоспарлар мен бастамаларды ұсынды.

Содан соң Шығыс Қазақстан облысы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат қытайлық тараптан ШҚО-ға инвестиция тарту, туристер ағынын арттыру және туризмді дамытуға бағытталған өзге де бастамаларды қамтиды.

Қол қою рәсіміне қазақстандық делегация атынан Кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм кеңесінің төрағасы С.Рамазанов, «Пасека» шаруа қожалығының басшысы В. Қасымбаев және басқа да өкілдер қатысты.

Іссапар бағдарламасы бұдан әрі Үрімші жылу энергетикалық компаниясына барумен жалғасты. ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовке кәсіпорынның техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. «Шығыс Жылу» АҚ басшысы Ренат Уразбаевтың айтуынша, Үрімші энергетиктерінің тәжірибесі шығысқазақстандық мамандар үшін пайдалы әрі маңызды.

- Мені қала бойынша тұрғын үйлердің шатырларына орнатылған, пәтер ішіндегі температураны онлайн режимде тұрақты түрде өлшейтін датчиктер таңғалдырды. Барлық ақпарат бірыңғай базаға түседі, ал ауа температурасы белгіленген нормадан ауытқыған жағдайда, колл-орталық мамандары ақауды жою үшін арнайы топ жібереді, - деді «Шығыс Жылу» АҚ бас директоры.

Содан кейін екі өңірдің инвестициялық әлеуетінің таныстырылымы өтті. Әуелі ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов пен ШҰАА Халық Үкіметі хатшылығы басшысының орынбасары Чжоу Чао өз сөздерімен шараның шымылдығын ашып, ізгі лебіздерімен бөлісті. Ары қарай екі тараптың өкілдері баяндамалар жасап, түрлі салалардағы көрсеткіштерді, алдағы жоспарларды сөз етті. Шара соңында олар B2B форматында келіссөздер жүргізіп, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын талқылады.