
25–27 наурыз күндері Астана қаласында өткен «Infomatrix-Asia-2026» халықаралық компьютерлік жобалар байқауында Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті.
Аталған халықаралық сайыс – IT, ғылым және инновация бағытындағы дарынды оқушылардың басын қосатын ірі білім алаңы. Биыл байқауға 3000-нан астам өтінім түсіп, 600-ге жуық финалист іріктелді. Финалда 10 елден келген 250-ден астам команда өз жобаларын қорғап, 10–18 жас аралығындағы қатысушылар бақ сынасты.
Қатысушылар 9 түрлі бағыт бойынша, оның ішінде жасанды интеллект, бағдарламалау, стартап және инженерлік жобалар туралы жұмыстарын ұсынды. Биылғы байқаудың ерекшелігі – жобалардың басым бөлігі жасанды интеллект технологияларына негізделуі.
Ауқымды халықаралық додада өскемендік мектеп оқушылары Тамерлан Өмралинов, Адия Татанова және Амина Әділқызы «InsozAI» жобасымен жүлделі ІІІ орынға ие болды (жоба жетекшісі – Б.Сапуанов).
Бұл жетістік – өңірдегі білім сапасының жоғары екенін және оқушылардың заманауи технологияларды меңгеруде зор әлеуетке ие екенін айғақтайды. Сонымен қатар мұндай халықаралық байқаулар жас зерттеушілердің ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытып, олардың болашақта IT саласының білікті мамандары болып қалыптасуына жол ашады.