
Шығыс Қазақстан облысының оқушылар командасы 9-11 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада жақсы нәтиже көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша физика, математика, информатика, химия, биология және география пәндері бойынша облыс құрамасы 17 медальға ие болды. Оның ішінде төрт алтын, бес күміс және сегіз қола медаль бар. Сонымен қатар ШҚО командасы «Үздік олимпиадалық команда – 2026» номинациясы бойынша жалпыкомандалық есепте 3 орынды иеленді.
Олимпиадаға Өскемендегі математика, физика және информатика бағытындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейдің, Шығыс Қазақстан облыстық «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мамандандырылған лицейінің оқушылары қатысты.
Олимпиада 19-31 наурыз аралығында Астана, Алматы және Қостанай қалаларында өтті.