
«Нұртау» тау-шаңғы курортының беткейлерінде фристайл-могулдан Қазақстан Республикасының чемпионаты ресми түрде басталды. Салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтар мен турнир ұйымдастырушылары қатысты.
Шығыс Қазақстан облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары жетістіктер спорты және спорттық резерв бөлімінің басшысы Аида Жұханова құттықтау сөз сөйледі. Жарыстың құрметті қонағы ретінде Олимпиада чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері және өңіріміздің мақтанышы — аты аңызға айналған Ольга Рыпакова қатысты. Сондай-ақ спортшыларды «Нұртау» ТК бас директоры Айдар Мадияров құттықтады.
2026 жылғы XXV Қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғаған Шығыс Қазақстан облысының үздік фристайлшыларының қатысуы чемпионаттың мәртебесін арттыра түсті. Жалпы 38 спортшы жүлде үшін бақ сынасуда. Жарыс халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін, ұзындығы 200 метрлік кәсіби трассада өтіп жатыр.