
Өскеменде ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебі филиалының аумағында Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың 106 жылдығына орай еске алуға арналған әскери-қолданбалы көпсайыс бойынша облыстық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Аталған турнирдің басты мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысқан шығысқазақстандық батырлардың ерлігін ұлықтау, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, әскери қызметтің беделін арттыру және жастар арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерін кеңінен насихаттау, - деді ұйымдастырушылар.
Сайысқа облыс колледждерінің 1–2 курс студенттері мен алғашқы әскери дайындық пәнінен білім алатын 10–11 сынып оқушылары қатысты. Әр команда 7 қатысушыдан болды. Жас сарбаздар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынасты.
Жалпы командалық есепте жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Риддер қаласының «Сұңқар» командасы иеленсе, екінші орынға Глубокое ауданының «Жас Сарбаз» командасы лайық деп танылды. Ал үшінші орынды Өскемен жоғары политехникалық колледжінің «Барыс» командасы қанжығасына байлады.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы естелік кубоктармен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар үздік нәтиже көрсеткен ойыншылар медальдарға ие болды.