Шығыс Қазақстанның барлық қала, ауданында экологиялық акция өтті

Шығыс Қазақстанның барлық қала, ауданында экологиялық акция өтті

23 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын «Мөлдір бұлақ» акциясын бастады. Бұл Наурызнама онкүндігінің «Тазару күнімен» тұспа-тұс келді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының әр қала, ауданында экологиялық акциялар, сенбіліктер және көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қолға алынды.

Өңір тұрғындары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар, жастар мен еріктілер қоршаған ортаны тазарту және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысты.

Мәселен, Тарбағатай ауданындағы орталық саябақта тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Қар астынан шыққан тұрмыстық қалдықтар жиналып, аумақ ретке келтірілді. Сонымен қатар су тасқынының алдын алу мақсатында арықтар мен су арналары тазартылып, Ақжар ауылынан 2,5 мың текше метр қар шығарылды.

Зайсан ауданында «Eco life - таза ой, таза орта» акциясы аясында қала мен ауылдық округтерде тазалық жұмыстары қолға алынды. Көшелер қоқыстан тазартылып, жиналған қалдықтар сыртқа шығарылды. Су арналары ашылып, ретке келтірілді. Сарытерек ауылдық округі аппаратының қызметкерлері мен әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымы да белсенділік танытып, аулаларда тазалық жұмыстарын жүргізді.

Аудан тұрғындары арасында ерекше үлгі көрсеткен жандардың бірі – ерлі-зайыпты Толқын Мұратбай мен Сетерхан Қабдешқызы. Олар 11 күн ішінде Зайсаннан Астанаға дейінгі жол бойын тазалап, шамамен 10 тонна қоқыс жинаған. Бұл бастама қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға зор үлес қосып, көпшілікке үлгі болды.

Ал Алтай ауданында мерекелік іс-шаралардан кейін сенбіліктер ұйымдастырылды. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Қ.Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің 2-ші құтқару батальонының жеке құрамы каналдар мен су өткізгіш жүйелерді тазарту жұмыстарын жүргізді. Әскери қызметшілер республикалық тасжол бойындағы каналды, Соловьево ауылындағы Набережная көшесі бойындағы каналды тазартты. Сондай-ақ Маяк ауылындағы Центральная көшесі бойындағы су өткізгіш құбырларды ретке келтірді. Наурыз мейрамына орай Бородино ауылдық клубында да сенбілік өтті.

Шемонаиха ауданындағы «Үш қайың» алаңында тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, демалыс аймағы толықтай ретке келтірілді. Тұрмыстық қалдықтар жиналып, аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі жаңартылды.

Жалпы облыста «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы жұмыстар экологиялық мәдениетті арттыруға, елдімекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және табиғатты қорғауға бағытталған. Бұл бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.