ШҚО тұрғындарына «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыруда жаңа міндеттер қойылды

ШҚО тұрғындарына «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыруда жаңа міндеттер қойылды

Облыс әкімдігінде өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, биыл халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, елдімекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарланған.

Шығыс Қазақстанда 2024-2029 жылдары жоспар бойынша 450 мыңнан астам көшет отырғызу көзделген, оның 248,5 мыңын 2024-2025 жылдары отырғызды. Биыл 111,2 мың ағаш егу жоспарлануда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларға шамамен 150 мың адам қатысып, 259 техника бірлігі жұмылдырылып, 3 800 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы 3 400-ден астам аула қоқыстан тазартылды.

Өңірде «Үлгілі ауыл» және «Таза аула – таза қала, аудан» байқауларын өткізу жоспарланған.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның қалалар мен аудандардың экологиялық жағдайын жақсартуда маңызды екенін атап өтті.

«Наурыз мейрамында ата-бабаларымыз балаларды тазалыққа үйреткен: ауланы сыпыру, қоқысты жинау, қоршаған ортаға құрметпен қарау. Бүгінде осы құндылықтарды сақтау маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтып өтті. Тазалық - тек әкімдіктердің міндеті емес, әр отбасының жауапкершілігі. Барлығымыз күш біріктіріп, өңірімізді таза және көрікті ете аламыз», – деді облыс әкімі.