ШҚО-да жаңа экологиялық акция аясында бұлақтар мен су айдындарының жағалаулары тазартылды

ШҚО-да жаңа экологиялық акция аясында бұлақтар мен су айдындарының жағалаулары тазартылды

Шығыс Қазақстанда Наурызнама онкүндігі мен Тазару күні аясында «Мөлдір бұлақ» акциясы басталды. Акция барысында еріктілер облыс орталығының сол жағалауындағы, Шешек асуындағы жаңа демалыс аймағында орналасқан бұлақ пен су айдынының жағалауын тазартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мөлдір бұлақ» акциясын бастап, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңін ашты. Облысымыздың барлық қала, ауданында тиісті жұмыстар қолға алынды. Республикадағы су ресурстарының шамамен 40 пайызы шығысқа тиесілі. Сондықтан арықтарды тазалау және бұлақ көздерін ашу – жыл сайын атқарылатын маңызды жұмыстардың бірі», – деді акцияға қатысқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Кейін тазалық жұмыстары Бестерек пен Сағыр ауылдарының арасында орналасқан Ұранқай өзенінің жағасында жалғасты. Мұнда еріктілерге жергілікті тұрғындар, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам белсенділері қосылды. Нәтижесінде өзен арнасы, жағалауы және Бүркітбастау бұлағы қоқыстан тазартылды.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, «Мөлдір бұлақ» акциясы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын жүзеге асырудың жаңа кезеңін бастайтынын атап өткен болатын.

Аталған жоба аясында бұлақ көздері, су айдындары мен жағалау аумақтары тазартылып, ағаш отырғызу, аула, саябақ және скверлерді абаттандыру жұмыстары жалғасады.

«Барған сайын азаматтарымыз экологиялық өмір салтын, ресурстарды ұтымды пайдалануды таңдауда. Бұл – жарқын болашақтың кепілі. Осыған байланысты барлық қазақстандықты тазалық пен тәртіп эстафетасына қатысуға шақырамын», – деп үндеу жасады Президент.