
21 наурыз күні «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығы алаңында заманауи IT шешімдер, инновациялық әзірлемелер мен өңірдің технологиялық бастамаларын біріктірген ауқымды көрме ұйымдастырылды.
Іс-шара екі форматта өтті. Сауда орталығының алдындағы ашық алаңда келушілерге Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар қызметінің техникасы таныстырылды. Ал ғимарат ішінде цифрлық жобалардың негізгі экспозициясы орналасты.
Келушілер назарына: «цифрлық полицейдің» жабдықтары, онлайн-трансляция жүргізетін ұшқышсыз ұшу аппараттарының жұмысы, жүргізушісіз автокөлік, «Транстелеком» компаниясының («Өскементранстелеком» филиалы) цифрлық шешімдері ұсынылды.
Құқық қорғау органдарының цифрлық өнімдері ерекше қызығушылық тудырды. Өңірде құқықбұзушылықтарды тіркеудің заманауи жүйелері қазірдің өзінде қолданылып келеді: «EkinPatrol G2» 20 мобильді кешені және 2 «Кибер-Шериф» кешені, бейнетіркеу және іздеудегі автокөліктерді анықтауға арналған «Циклоп» АПК-ның 52 борттық компьютері, жасырын патрульдеуге арналған «КордонПроМ» пилоттық кешені.
ШҚО ТЖД-ның цифрлық әзірлемелері де көрме қонақтарының назарынан тыс қалмады: нақты уақыт режимінде су тасқынын мониторингтеу және болжау жүйесі (ахуалдық орталық), шартты апат кезінде әсер ету аймақтары мен әрекет ету шараларын болжайтын химиялық қауіпті бұлттың таралуын модельдейтін цифрлық жүйе.
Сонымен қатар ТЖД өңірдің жетуі қиын аумақтарында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған әзірлемелерін ұсынды.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов цифрлық бастамалардың маңыздылығын атап өтті: «Бүгінде цифрландыру - жай ғана тренд емес, өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Технологиялардың адам өмірін сақтауға, түрлі қызметтердің тиімділігін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қалай ықпал етіп жатқанын көріп отырмыз. Біздің міндет - осы шешімдерді кеңінен енгізіп, әр тұрғынға қолжетімді ету».
Сондай-ақ көрмеге Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, «Oskemen Hub» және «Рейтинг» ЖШС қатысты. Ұсынылған жобалардың барлығы Шығыс Қазақстан жұртшылығының өмір сапасын жақсартуға бағытталған тәжірибелік мәнге ие.
«Digital Nauryz» көрмесі облыстың заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыру жолында сенімді қадам жасап келе жатқанын айқын көрсетті. Бүгін келіп, көрмені тамашалап үлгеріп қалыңыз!