ШҚО-дағы бірқатар энергетикалық нысандарда ауқымды жөндеу жоспарланған

ШҚО-дағы бірқатар энергетикалық нысандарда ауқымды жөндеу жоспарланған

Шығыс Қазақстан облысы 2026 жылы энергетикалық нысандарда ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Бұл жұмыстар республика көлемінде жүзеге асырылатын ірі жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Жалпы ел бойынша ірі ЖЭО мен электр станцияларында 9 энергоблок, 55 қазандық агрегаты және 51 турбина жаңартылмақ.

Қазіргі уақытта екі энергоблокта, төрт қазандықта және екі турбинада жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Өңірдегі энергетикалық нысандарға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Өскемен ЖЭО-да төрт қазандық агрегаты мен екі турбинаны жаңарту жоспарланған. Согра ЖЭО-да үш қазандық пен бір турбинаға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Риддер ЖЭО-да бір қазандық агрегаты мен турбоагрегат жаңғыртылады.

Жөндеу жұмыстары энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және халықты тұрақты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы алғанда, биылғы күрделі жөндеу жұмыстары Астана мен Алматы қалаларынан бастап Қарағанды, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы негізгі энергетикалық тораптарды қамтиды. Бұл шаралар энергетикалық инфрақұрылымның тұрақтылығын арттырып, алдағы жылыту маусымына дайындықты күшейтеді.