ШҚО-да екі жылда 36 млн дана көшет отырғызылады

ШҚО-да екі жылда 36 млн дана көшет отырғызылады

ШҚО-да екі жылда 36 млн дана көшет отырғызылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.

«Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде 2026-2027 жылдары 7 мың гектардан астам аумаққа 36 млн дана көшет отырғызу көзделген. Биыл 3,3 мың гектар аумаққа 17,5 млн көшет отырғызылады», - деді аймақ басшысы.

Қазіргі уақытта облыстағы 26 тұқымбақта 7,3 млн дана көшет бар. Отырғызу материалдары тапшылығы мәселесін шешу үшін осы жылы қосымша көшеттер сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ күз кезінде жапырақты ағаш түрлері егіледі.

«Орман шаруашылықтарын өз отырғызу материалымен қамтамасыз ету мақсатында биыл Верх-Уба орман шаруашылығында жабық тамыр жүйесі кешенін салу жоспарлануда. Алдағы уақытта осындай жобалар облыстың басқа орман шаруашылықтарында да жүзеге асырылады», - деді Нұрымбет Сақтағанов.