ШҚО ТЖД құтқарушылары көктем мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы айтты

ШҚО ТЖД құтқарушылары көктем мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы айтты

Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте ШҚО ТЖД құтқарушылары Шығыс Қазақстан облысының су айдындарында көктем мезгілі мұздың қарқынды еруіне байланысты қауіпті кезең саналатынын мәлімдеді.

Ауа температурасының көтерілуімен мұздың құрылымы тез өзгереді: ол борпылдақ, кеуекті болып, беріктігін жоғалтады. Тіпті сырт көзге мұздың қалыңдығы жеткілікті болып көрінгенімен, ол адамның немесе техниканың салмағын көтермеуі мүмкін.

Өзендердің ағысы бар учаскелері, салалардың құяр жерлері, көпірлер маңы, гидротехникалық құрылыстар және жер асты сулары шығатын орындар ерекше қауіп төндіреді, өйткені мұз дәл осы жерлерде бұзылады.

Мұз үстінде қауіпсіз болудың негізгі шарты – мұз қалыңдығының түсетін жүктемеге сәйкес болуы. Бұл ретте бір адам үшін қауіпсіз мұз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр, ал жаппай спорттық және мерекелік іс-шараларды өткізуге, автокөлік өткелдерін ұйымдастыруға кемінде 25 сантиметр болуы тиіс.

Түнгі уақытта, көріну нашар болған кезде, мұз қату және мұз еру кезеңдерінде мұзға шығуға жол берілмейді. Мұз қалыңдығы 25 сантиметрден аз болған жағдайда мұз астынан балық аулауға тек жеке құтқару құралдары болған кезде ғана рұқсат етіледі (ысқырық, құтқару біздері, құтқару кеудешесі, диаметрі кемінде 11 миллиметр, ұзындығы кемінде 12 метр болатын арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өткізбейтін қапқа салынған ұялы телефон).

Облыс су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар 1882 рейд жүргізіп, балық аулауға рұқсат беру кезінде 212-ден астам нұсқама өткізді. Қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін (балық аулау кезінде) 93 құқық бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (Самар ауданында – 60, Ұлан ауданында – 17, Күршім ауданында – 12, Үлкен Нарын ауданында – 3, Шемонаиха ауданында – 1).

Сондай-ақ брифинг барысында құтқарушылар Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күнінің маңызы туралы айтып өтті. Биыл International Civil Defence Organization негізгі тақырып ретінде: «Тұрақты және орнықты болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» тақырыбын белгіледі. Бүгінде азаматтық қорғаныстың басты мақсаттары мен негізгі міндеттері – «Алдын алу, үйрету, көмектесу».

Қазақстанның азаматтық қорғаныс жүйесі «салдарларға әрекет ету» моделінен «алдын алу және тәуекелдерді басқару» моделіне кезең-кезеңімен көшуді жалғастыруда.

Шығыс Қазақстан облысында Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні аясында бірқатар іс-шара өтуде: өрт сөндіру бөлімдері мен ТЖД бөлімшелерінде экскурсиялар ұйымдастырылып, мектептерде, жоғары оқу орындарында, ірі кәсіпорындарда, әскери бөлімдерде, облыстың сауда-ойын-сауық орталықтарында жер сілкінісі, өрт және өзге де төтенше жағдайда эвакуациялау алгоритмдері пысықталды. Сонымен қатар байқаулар, ашық есік күндері және қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылуда.

Дереккөз: ШҚО ТЖД