
Шемонаихада суретші, ауданның Құрметті азаматы Александр Гаврилович Поповтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Дәуір эскизі» атты көрме ашылды. Сондай-ақ экспозиция Шемонаиха елді мекенінің негізі қаланғанына 260 жыл және оған қала мәртебесінің берілгеніне 65 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Болашақ суретші Выдриха ауылында дүниеге келіп, бала кезінен сурет салуға әуес болған. Кәсіби білімін Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде алған. Жас Александрдың ұстаздары белгілі шеберлер Абрам Черкасский мен Борис Иогансон болды.
1950-жылдардың басынан Попов Шемонаихада өмір сүріп, еңбек етті. Ол сурет салу мен сызу пәндерінен сабақ беріп, табиғат аясында көп жұмыс істеп, портреттер, пейзаждар және тұрмыстық жанрдағы туындыларды дүниеге әкелді. Бүгінде суретшінің еңбектері қала мен оның тұрғындарының көркем шежіресі іспеттес.
Көрменің ашылуында клуб директоры Александр Гавриловичтің тек дарынды суретші ғана емес, кең жүректі, парасатты жан болғанын атап өтті. Оның шығармашылығы жерлестерінің мақтанышына айналған.