
Әйел - өмірдің бастауы, тіршіліктің тірегі. Сол үшін де бүгінгі күнді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ана мен бала орталығының ұжымын мерекемен құттықтаудан бастады.
Олар жарық дүние есігін ашқан балалар мен ана атанған әйелдердің денсаулығы үшін күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүр. Аймақ басшысы медицина қызметкерлеріне ізгі тілегін арнап, гүл шоқтарын ұсынды.
Одан соң 93 жастағы тыл ардагері Жаңыл Жақашеваны құттықтау үшін үйіне барды. Тарбағатай ауданында дүниеге келген кейуана 10 баласынан 20 немере, 14 шөбере сүйіп отыр.
«Сіздер - өмірдің небір қилы кезеңдерін еңсеріп, саналы ұрпақ тәрбиелеген нағыз батыр аналарсыздар. Деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық тілеймін. Ұрпағыңыздың қызығын көре беріңіз!» - деген Нұрымбет Сақтағанов апаға мерекелік сыйлықтарды табыстады.
Сондай-ақ облыс әкімі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Александра Саратовцеваның үйіне барып, мерекемен құттықтады.
1925 жылдың 12 қазанында Ресейдің Пенза облысында дүниеге келген кейуана 19 жасында майданға аттанады. Құрылыс бригадасында жұмыс істеп, көпір салумен айналысқан. Мәселен, қиян-кескі ұрыстар өткен Днепр өзені арқылы салынған көпірді алты ай бойы тұрғызуға атсалысқан.
Жас қыз соғыстың барлық қиындықтары мен ауыртпалықтарын бастан өткеріп, Жеңіс күнін Польшада қарсы алған.
1953 жылы Александра әкесінің туған ағасының соңынан еріп, Ақтөбе қаласына көшіп келеді. Онда әуелі балабақшада жұмыс істеп, кейін қалалық училищеде комендант қызметін атқарған. 2019 жылдың соңында ол қызы Варвараның қасына Өскемен қаласына қоныс аударған.
«Сіз жүріп өткен қиын жол - бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Біз өзіңізді мақтан тұтамыз. Сіздерге деген алғысымыз шексіз! Балаларыңыз әрдайым жетістіктерімен қуанта берсін», - деді Нұрымбет Сақтағанов.