
Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алаш қозғалысының жетекшісі, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай ғылыми-танымдық конференция өтті.
«Ә.Бөкейхан мұрасы: тарих, сана және тағылым» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысты.
Конференцияны музей директоры Эльдар Төлеубекұлы ашып, қатысушыларды айтулы шарамен құттықтады. Ол өз сөзінде елдің ертеңі – білімді әрі саналы жас ұрпақ екенін атап өтіп, олардың рухани әрі зияткерлік тұрғыда қалыптасуы қоғам үшін аса маңызды екенін айтты.
Шара барысында студенттер ғылыми баяндамалар жасап, Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның тарихи мұрасы, қоғамдық-саяси қызметі және ұлттық сананы жаңғыртудағы рөлі туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, оның елдің тәуелсіздігі мен дербестігі жолындағы күресі, ағартушылық қызметі кеңінен талқыланды.
Жиынға қатысқан жастар Әлихан Бөкейханның қазақ халқының азаттығы мен мемлекет құру идеясын алғаш көтерген тұлғалардың бірі екенін атап өтті. Олар оның қоғамдық қызметі, публицистикалық еңбектері мен ғылыми зерттеулері ұлт тарихында ерекше орын алатынын айтты.
Конференция соңында белсенділік танытып, мазмұнды баяндамалар жасаған студенттер алғыс хаттармен марапатталды.