ШҚО-да жайылым тапшылығы мәселесі шешілуде

ШҚО-да жайылым тапшылығы мәселесі шешілуде

Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Өңір билігі ауыл шаруашылығы жерлерін қайта бөліп, пайдаланылмай жатқан учаскелерді айналымға қайтарып, елді мекендер маңындағы жайылым тапшылығын шешуді көздеп отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2022 жылдан бері ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылған жерлердің 131,6 мың гектары енгізілді. Бұл жалпы көлемнің шамамен 28%-ын құрайды. Оның ішінде 53,6 мың гектары халықтың қажеттілігі үшін берілсе, 78 мың гектары конкурс негізінде агроқұрылымдарға ұсынылған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қосымша 293 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірде қоғамдық жайылымдарды қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері ауыл шаруашылығы жануарларының бар басын ескере отырып, қажетті жайылым көлемін анықтап, жайылымдарды басқарудың бес жылдық жоспарларын әзірледі.

Мәселен, мұндай жоспар Алтай ауданында бекітілген, ал басқа қалалар мен аудандарда құжаттар бекіту сатысында. Жалпы алғанда, өңірде халықтың малын жаюға арналған қоғамдық жайылымдардың көлемі шамамен 700 мың гектарды құрайды.

Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы жерлерінің топырақ құнарлылығын қалпына келтіру бойынша өңірлік жол картасы жүзеге асырылуда. «Гипрозем» филиалымен бірлесіп, мамандар деградацияға ұшыраған жерлерді анықтау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні осындай 305,9 мың гектар жер анықталды.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ