Зайсан көлінде суды аэрациялау жұмыстары жүргізілді

Зайсан көлінде суды аэрациялау жұмыстары жүргізілді

Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылының аумағында Зайсан көлінің сол жағалауындағы Тұзды учаскесінде Зайсан балық инспекциясының қызметкерлері аэрациялық жұмыстар жүргізді.

Бұл шара мұз астына ауа жіберіп, балықтардың сақталуы  үшін қажет.

Мамандар мұз қабатын ойып, арнайы ойықтар жасап, қамыс шоқтарын орнатты. Сол арқылы судағы балықтарға ауа жіберіледі.

Мұндай шаралар дәстүрлі түрде қыстың соңында — ақпан-наурыз айларында ұйымдастырылады. Дәл осы кезеңде балықтардың қырылу қаупі жоғары болады.

Елдегі су ресурстарының 40 пайызын құрайтын Шығыс Қазақстан облысының су айдындарында жыл сайын мыңдаған ойық бұрғыланады. Жұмыс барысында мұз ойғыш құралдар мен арнайы техника пайдаланылады.

Бұл — қарапайым жұмыс болғанымен, балық қорын сақтауға және су айдындарының экожүйесін қолдауға мүмкіндік беретін маңызды шара.