
Шығыс Қазақстан облысының әкімі жеке қабылдау барысында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық өтініштерін қарады.
Өскемен қаласының ерекше қажеттілігі бар тұрғыны Шыңғыс Құрманхан Серікбаев көшесіндегі караоке-бардың санитарлық қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтерді. Сонымен қатар интернет байланысының сапасы, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету және өзге де тұрғын үйге қатысты түйткілдер айтылды.
Караоке-бардың санитарлық талаптарға сәйкестігі бойынша заңға сәйкес тексеру жүргізілетін болды.
Интернет сапасына қатысты Beeline операторы сол аумақтағы базалық станцияны жаңғырту жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, облыстық цифрландыру басқармасы қызмет сапасына өлшеу жүргізу үшін өңіраралық байланыс инспекциясына сұраныс жолдады.
Кездесу барысында жұмысшы жастарға арналған жатақханаларды жекешелендіру, спорттық шараларды ұйымдастыру, аулаларды абаттандыру мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, қоқыс контейнерлері орналасқан алаңды көшіру және оны жөндеу жөніндегі өтініштер қаралды.
Нұрымбет Сақтағанов Тарасовтар отбасын да кезекті рет қабылдады. Олардың түрлі инстанцияларға жолдаған өтініштерінің қаралу барысы бақылауға алынды.
Қабылдауға келген барлық тұрғындарға заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес жауап жолданатын болады.