
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің (ҚР МКҚ) қатарына мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды іріктеу жүргізілуде.
Үміткерлерге қойылатын талаптар: жасы 18–27 аралығы, білімі – 11 сынып немесе колледжді не жоғары оқу орнын аяқтаған болуы тиіс. Жоғары білімі бар, спорттан кандидат және спорт шебері атағы бар азаматтарға басымдық беріледі.
Іріктеуден өткен жас сарбаздар Астана және Алматы қалаларындағы элиталық арнайы бөлімшелерде мерзімді әскери қызметін өтейтін болады. Қызмет барысында жастар әскери істі меңгеріп, жауынгерлік және арнайы дайындық сабақтарында әскери мамандықтарды игереді.
Мерзімді әскери қызметін аяқтағаннан кейін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында келісімшарт негізінде әрі қарай қызмет атқару мүмкіндігі бар.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында мерзімді әскери қызметшілер ерекше міндеттерді орындайды. Атап айтқанда, ҚР Президентінің және өзге де күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, салтанатты және протоколдық іс-шараларға қатысу, ҚР Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын қорғау және басқа да міндеттер.
МКҚ-да мерзімді әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасында әскери қызметін өтеген азаматтарға арналған барлық әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылған.
Шақыру мәселелері бойынша тұрғылықты жердегі Қорғаныс істері жөніндегі департаментке (әскери комиссариатқа) жүгіну қажет.
Фото: ҚР МКҚ