
2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарында 128 жазатайым оқиға тіркеліп, 143 адам зардап шекті. Бұл ретте қаза болғандар саны 17,6 %-ға төмендеп, 14 адамды құрады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Бақытбек Кизатов хабарлады.
Оның айтуынша, зардап шеккендердің басым бөлігі тау-кен металлургия саласы мен бюджеттік ұйымдардың үлесіне тиесілі. Өндірістік жарақаттанудың негізгі себептері — жұмыстарды ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі (36 %), қызметкерлердің өрескел абайсыздығы (34 %) және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы (11 %).
Ең көп оқиға Өскемен мен Риддер қалаларында тіркелген.
Жыл ішінде 402 тексеру жүргізіліп, 512 заңбұзушылық анықталды, олардың 78 %-ы жойылды. 123 қылмыстық іс қозғалып, бес лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Қаза болғандардың отбасыларына 88,8 млн теңге көлемінде өтемақы төленді.
2026 жылдың қаңтар айында өңірде өндірістегі өлім-жітім тіркелмеді, ал жарақаттану деңгейі тағы 12,5 %-ға төмендеді.
Дереккөз: ӨКҚ