
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің өңірдің ғылыми қауымдастығы, этномәдени бірлестіктері және жастарымен кездесуі өтті.
Делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдум жайлы талқыланды.
Аида Балаева бұл бастаманың ел дамуының жаңа бағытын айқындайтынын атап өтті.
«Әңгіме мемлекеттің даму траекториясын түбегейлі өзгертетін, оның сапасын арттыратын маңызды қадамдар туралы болып отыр. Негізгі басымдық - Тәуелсіздікті нығайту және бәсекеге қабілетті, білімді қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыру», - деді ол.
Аида Балаеваның айтуынша, құжаттың тұжырымдамалық негізін Президенттің бастамалары құрайды. Сонымен қатар бірқатар маңызды өзгерістер қоғам өкілдерінің ұсыныстары ескеріле отырып әзірленген.
Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Жаңа Конституция жобасы ауқымды әрі ашық, шынайы жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде дайындалғанын айтты.
«Елдің Ата Заңы азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленді», – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында қатысушыларға құжаттағы институционалдық жаңашылдықтар, қоғамдық қатысу тетіктері мен басқару жүйесіндегі өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Жиын соңында ғылыми орта мен жастар өкілдерінің сауалдарына жауап берілді.