ШҚО-да кәсіпкерлік субъектілерінің 87,7%-ы оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшті

ШҚО-да кәсіпкерлік субъектілерінің 87,7%-ы оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшті

2026 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің 87,7 %-дан астамы оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшті. Хабарлама ұсынудың соңғы мерзімі —28 ақпан.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, салық төлеушілер хабарламаны салық төлеушінің кабинеті, «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы, орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жүгініп, немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы жолдай алады.

Айта кету керек, Мемлекеттік кірістер департаменті аумақтық басқармалармен бірлесіп, салық төлеушілер, жеке кәсіпкерлер, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында арнайы салық режимдері мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.

Іс-шаралар базарларда және халық көп жиналатын орындарда бұқаралық ақпарат құралдарының, медиа тұлғалар мен блогерлердің қатысуымен өткізілуде. Олар Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің өтпелі ережелері, оның ішінде салық салу режимін таңдау және ауыстыру мәселелері бойынша ақпараттандыруға бағытталған.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін патент негізіндегі арнайы салық режимін қолданған және арнайы мобильді қосымшаны пайдаланған жеке кәсіпкерлерге ерекше назар аударылады. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшу үшін хабарлама ұсынбағандар 2026 жылғы 1 наурыздан бастап жеке кәсіпкер ретінде автоматты түрде есептен шығарылады.

Сонымен қатар, салық органдары көлік құралдарының иелеріне 2025 жылға арналған көлік салығын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін төлеу қажеттігін еске салады.